АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Қылмыстық топтың басшысы 25 жылға сотталды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.
Сот К. деген азаматтың 1998 жылы қылмыстық келісім бойынша және пайдакүнемдік мақсатта азаматтарға қарулы шабуыл жасау және заңсыз баю мақсатында тұрақты қылмыстық топтың әрекетін ұйымдастырып, белсене қатысқанын анықтады.
"Бұл ұйымдасқан қарулы топ жоспар бойынша бірнеше рет топтық шабуыл жасаған. Олар полиция қызметкерінің формасын, жыпылықтайтын маяктарды, таяқтарды, ауыстыру үшін дайындалған мемлекеттік нөмірлер мен көліктерді пайдаланған", - деп жазылған хабарламада.
Бір жыл ішінде (1998-1999 жж.) К.-ның басшылығымен қылмыстық топ Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар аса ауыр қылмыс жасаған.
Банда мүшелері автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілерді өлтірген, одан соң олардың мәйіттерін шұңқырға көмген.
К.жалған құжатты пайдаланып, тергеу мен соттан жасырынып, іздеуде жүрген. Тек 2024 жылдың қаңтарында ұсталған.
"Айыпталған қылмыстар бойынша сотталушының кінәсі, оның ішінде 5 адамды өлтіргені, куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және 1999 жылғы қарулы топтың басқа мүшелеріне шығарылған үкіммен дәлелденді", - деп хабарлады сот.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленушілер сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сот К.-ның әрекетін Қылмыстық кодекстің 237-бабының 1-бөлімі, 96-баптың 2-бөлімі "А, Ж, З, Н" тармақтары (1997 ж. редакциясы) - азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында тұрақты қарулы топ құру, бұрын адам өлтірген адам, пайдакүнемдік ниетпен ұйымдасқан топпен оған басшылық жасау, заңсыз қасақана екі адамның өліміне әкеп соқтыру бойынша саралады.
Қылмыстық кодекстің 69-бабына сәйкес, егер адам аса ауыр қылмыс жасаған күннен бастап 15 жыл өтсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді.
Сот адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін емес деп тапса, сот 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды.
"Осы заң талаптарын негізге ала отырып, сот мынадай шешім шығарды. Сотталушы ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды және ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру және жаңа қылмыстардың алдын алу мақсатында сотталушы ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігінің "А, Ж, З, Н" тармақтарымен (1997 ж. редакциясы) кінәлі деп танылып, 25 мерзімге бас бостандығынан айырылды", - деп түйіндеді сот.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.