ҰҚШҰ аясындағы "Кобальт-2024" оқу-жаттығулары басталды

Әскери іс-шара 14-16 тамыз аралығында Ресей гвардиясының басшылығымен өтеді
Sputnik
АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Ресейде Ресей гвардиясының жетекшілігімен ҰҚШҰ-ның "Кобальт-2024" оқу-жаттығулары басталды.
Әскери іс-шара 14-16 тамыз аралығында Ресей гвардиясының басшылығымен Новосибирск облысында өтеді. Оқу-жаттығулар барысында күштер мен құралдарды топтастыру бойынша іс-қимылдың жаңа нысандары мен әдістері, қару-жарақтың, әскери техниканың жаңа үлгілері, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданудың тактикалық әдістері сыналады.
Оқу-жаттығуларға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанның министрліктері мен ведомстволарының өкілдері қатысуда.
Жаттығулар тәжірибе алмасуды және арнайы жасақ бөлімшелерінің өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдіруді қамтиды. Заңсыз қарулы топтарды іздестіру, анықтау және жою бойынша бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру пысықталады, деп хабарлады "Кобальт-2024" ұйымдастырушылары.
Жаттығуларда авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылады. Арнайы жасақтар ғимараттар мен көліктер басып кіру, кепілге алынғандарды босату және содырларды залалсыздандыру жаттығуларын орындайды.
Армения "Кобальт-2024" іс-шарасына қатысып жатқан жоқ. Армения премьер-министрі Никол Пашинян 2024 жылдың ақпанында Ереванның ҰҚШҰ-ға қатысуын уақытша тоқтатқанын айтқан. Кейін парламентте сөйлеген сөзінде ол Арменияның бұл блоктан шығуы келесі қадам ретінде қисынды болатынын мәлімдеді.
Жалпы, ҰҚШҰ 2024 жылға дейін Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда өтетін 7 бірлескен оқу-жаттығуды жоспарлаған.
1992 жылы мамырда құрылған ҰҚШҰ-ға алты мемлекет мүше: Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан. ҰҚШҰ-ның негізгі мақсаты – қауіпсіздік пен тұрақтылыққа төнетін қатерлерге тойтарыс беру, ұйымға мүше мемлекеттердің ішкі істеріне араласпай, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау.