АЛМАТЫ, 14 тамыз – Sputnik. Қазақстанға құны 1 триллион теңгеден асатын активтер қайтарылды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Биыл қылмыстық істер шеңберінде шамамен 195 млрд теңге өтелді. Соңғы 2,5 жылда, оның ішінде олигополиялар тарапынан Қазақстан халқына 1,09 трлн теңге қайтарылған.
Айта кетері, бұған дейін агенттік Қайрат Сатыбалдының жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекетке бергені туралы айтқан болатын.
"Олардың ішінде Алматыдағы құны 7,9 млрд теңгеден асатын "Kaisar Tower" бизнес-орталығы бар, ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қарамағына берілген. Сонымен қатар Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілді. Елордада құны 5 млрд теңгеден асатын үш зәулім сарай мүгедек балаларға арналған Астана қаласы әкімдігінің "Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті" мекемесіне берілді", - дейді ведомство.
Сонымен қатар Австрия, Франция, Лихтенштейн, Әмірліктер, Түркия, Ресей және басқа елдерден Қазақстанға ақша, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зергерлік бұйымдар түріндегі активтер қайтарылды.
"Мәселен, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Түркиядан 2,2 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге және басқа елдерден қайтарылды", - дейді агенттік.
Бұдан басқа, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотталған индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министрі Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекет пайдасына Қостанай облысындағы құны 5,6 трлн теңгеден асатын никель мен кобальттың ірі қорлары бар бірегей "Шевченковское" кен орны берілді. Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда.