Фармацевтика өндірісінің көлемі 14,8 пайызға өсті

Негізгі өндіріс орындары Шымкент, Алматы қалалары, сонымен қатар Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында орналасқан
Sputnik
АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық фармацевтикалық өнімдер өндірісінің көлемі 95 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8% көп (2023 жылы 79,5 млрд теңге болған).
"Биыл 1054 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шектік бағасы бекітілді, сонымен қатар оларға қатысты нормативтік-құқықтық актілер ырықтандырылды, бұл өндіріс пен жеткізу үдерісін жылдамдатуға да ықпал етті және фармацевтикалық өндірістің дамуына қолайлы жағдай туғызды", - делінген хабарламада.
Негізгі өндіріс орындары Шымкент, Алматы қалалары, сонымен қатар Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында орналасқан. Бұл өңірлерде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және онкология сияқты әлеуметтік маңызды ауруларды емдеу үшін өмірлік маңызға ие өнімдер шығарылады.
Сонымен қатар отандық кәсіпорындар рентген аппараттары, ультрадыбысты және зертханалық жабдықтарды қоса алғанда медициналық бұйымдар, сонымен бірге хирургиялық оталар мен зертханаларға және т.б. арналған бұйымдар шығарады.