Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы контейнер транзиті 14 есе өсті

Каспий теңізіндегі порт пен порт маңы инфрақұрылымы да дамып келеді
Sputnik
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Жыл басынан бері Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша Қытайдан контейнерлік тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 есеге өсті, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"Қытай мен Еуропаны/Түркияны байланыстыратын мультимодальды көлік дәлізін дамыту үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ және "KTZ Express" АҚ бағыттың басқа қатысушыларымен бірге тасымалдау көлемін ұлғайту, қызмет көрсету және жүктерді жеткізу жылдамдығын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде", - делінген хабарламада.
Алтынкөл станциясынан (Оңтүстік Қазақстан, Қытаймен шекаралас) жеткізу мерзімі Апшеронға (Баку) 9 күнге дейін, Поти/Батумиге (Грузия) – шамамен 12 күн, Поти/Батуми арқылы Констанцаға (Румыния) 20-22 күнге дейін қысқарды.
"2023 жылы ҚТЖ Әзербайжан мен Грузияның темір жол әкімшіліктерімен Middle Corridor Multimodal Ltd. бірлескен кәсіпорнын құрды. Үйлестіруші оператор "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсету арқылы маршрутта мультимодальды сервисті дамыту және кепілдендірілген жеткізу уақыты мен құны бойынша жұмысты күшейтеді" - дед компаниядағылар.
Сондай-ақ ҚТЖ ірі халықаралық логистикалық компанияларды тарта отырып, Каспий теңізіндегі порт пен порт маңы инфрақұрылымын белсенді түрде дамытып жатқанын хабарлады.