АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Ғылымды қаржыландыру саласында жемқорлық тәуекелдері анықталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Өткен жылдың соңында агенттік ғылымды қаржыландыру саласына талдау жүргізді. Мақсат - ғылыми жобаларды іріктеудің ашықтығы, көзбояушылықтың бар, жоғы, жауапкершіліктің болмауы, зерттеу қорытындыларына сұраныстың төмен болуы, сондай-ақ ғылыми тағылымдамалар үшін гранттар беру жөніндегі конкурстық комиссия құрамына қойылатын талаптардың төмендеуіне байланысты елеулі тәуекелдерді анықтау. Өйткені бұның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.
"Мысалы, жобаларды іріктеу бойынша конкурстық құжаттама нақты тұлғалар үшін қалыптастырылды, жобаларды ғылыми сараптау рәсімі ашық емес, бағалауды "қол режимінде" іріктелетін үлестес сарапшылар жүзеге асырды. Тізімде тұрған 13,5 мың сарапшының 10 мыңға жуығы (75%) сараптама жүргізбеген. Манипуляция арқылы бағалау нәтижелері "қажетті" жобаларға бейімделді. 11,5 млрд теңгеге 30 зерттеу анықталды, олар бойынша сараптама белгілі бір тұлғалардың мүддесі үшін жүргізілді", - дейді антикор.
2016 жылдан бастап мемлекет осы мақсаттарға шамамен 32 млрд теңге жұмсады, оның ішінде жобалардың 90%-і мәлімделген мақсаттарға қол жеткізе алмаған.
"Сонымен қатар зерттеулердің 70%-і мақалалар мен кітаптар жазумен ғана аяқталды, көптеген әзірлемелер практикалық тұрғыдан маңызды болмай қалды. Атап айтқанда, ақпараттық және есептеу технологиялары институты биогаз және био тыңайтқыштар өндіретін жабдықтарды әзірлеуге 290 млн теңге жұмсады. Ал нарықтағы дайын аналогтар ондаған есе арзан, 19 млн теңгеден қымбат емес", - дейді ведомство.
Сондай-ақ ғылыми әзірлемелер түрінде жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту қаржыландырылды.
"Мәселен, 2019 жылы еліміздегі ірі құс фабрикаларының бірі қазақ деликатестерінің технологиялары мен рецептураларын әзірлеуге 300 млн теңгеге жуық қаражат алды. Алайда, іс жүзінде барлық қаражат (92%) жабдықтар мен материалдарды сатып алуға жұмсалды", - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Антикор ғылым және жоғары білім министрлігіне 100-ден астам ұсыныс енгізген. Мысалы, агенттіктің ұсынысымен сараптама комиссиясының мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді, енді жалпы еңбек өтілі 10 жыл, ал мамандығы бойынша өтілі кемінде 5 жыл болу қажет, бұрын 3 жыл болған. Мониторинг әлі де жалғасады, - дейді антикор.