Қарағанды облысында сарқынды суларды далаға ағызған ірі компанияға айыппұл салынды

Аудан прокуратурасы табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтады
Sputnik
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында ағын суларды ағызғаны үшін ірі геологиялық барлау компаниясына 313,9 миллион теңге (655,2 мың доллар) айыппұл салынды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше "Алтай Полиметалл" ЖШС сарқынды суларды ашық далаға ағызған. Тексеру жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін басталды.
"Қарқаралы ауданының прокуроры Қарағанды облысы бойынша экология департаментіне сауал жолдады. Тексеру нәтижесінде кәсіпорын мемлекеттік экологиялық сараптамасыз және қалдықтарды қоршаған ортаға шығаруға рұқсатсыз жұмыс істеген, бұл Экологиялық кодекс нормаларын бұзады", - делінген хабарламада.
Қарқаралы аудандық соты компанияны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 332-бабының 1-бөлігі және 328-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп таныды.
Сонымен қатар сот орындаушысы компанияның ағын суларды биологиялық тазарту кешенінің жұмысын заң бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатты.