Келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз – министр

Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарының медальдық есебінде 43-ші орынға ие болды
Sputnik
АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қазақстандықтардың Олимпиададағы көрсеткішіне қатысты пікір білдірді.
Ведомство басшысы спортшыларды медальмен құттықтап, жанкүйерлерді қуантқанын атап өтті. Сонымен қатар ол команданың нәтижесіне баға берді.
"Әрине спортшыларымыздың бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Дегенмен Токио Олимпиадасындағы нәтижеден сабақ алып, Парижде жетістігімізді жақсарта алдық. Төрт жылдан кейін АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін", - деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
XXXIII жазғы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады.

Ел қоржынына алтын жүлдені дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында – күміс, 2021 жылы Токиода қола алған отандасымыз Парижде Олимп шыңын бағындырды. Осылайша жерлесіміз дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы атанды.

Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады.
Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.