АСТАНА, 11 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында бір ауылда қатты дауылдың салдарынан 51 ғимараттың шатырына зақым келген. Соның ішінде 35 тұрғын үй бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой Город" порталына сілтеме жасап.
Ойыл ауданындағы Көсембай ауылында 9 тамыз күн кешкі уақытта қатты дауыл көтерілді. Ауылда электр бағаналар құлап, шатырлар мен шарбақтар желмен ұшып кеткен.
"Ауылдың астан-кестені шықты. Сиырлар мөңіреп, қойлар маңырап кетті. Мал далаға қашты. Бағаналар құлап, тас қараңғы болды. Абырой болғанда адамдар аман, жел басылғаннан кейін ер адамдар шығып, шатырларды көтеруге кірісті, астынан малды шығарды", - дейді ауыл тұрғындары.
Облыстық әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, Көсембай ауылында қатты дауылдың салдарынан 51 ғимараттың шатырына зақым келген. Соның ішінде 35 тұрғын үй бар. Қалғаны шаруашылық құрылыстар – қоралар және тағысын тағы. Жалпы, осы ауылда 74 үй бар. 380 адам тұрады.
Сол күні ауылда 9 электр бағанасы құлаған. Қазіргі кезде жетеуін көтеріп қойды. Барлық бағананы көтергеннен кейін электр қуатын береді. Шығынның көлемі әлі есептелген жоқ.
Көсембай ауылы аудан орталығынан 60 шақырым шалғай жерде орналасқан.