Павлодарда АЭС салу мәселесі бойынша қоғамдық талқылау өтті

АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумда шешіледі
Sputnik
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Павлодарда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерлан Батырбековтың айтуынша, атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды. Себебі III және III + буын реакторлары қолданылады.
"Бұл реакторлар белсенді және пассивті заманауи қауіпсіздік деңгейлерімен жабдықталған. Реактор қалыпты жағдайдан шыққан жағдайда қауіпсіздік жүйесі оны оңтайлы жұмыс режиміне қайтарады", - дейді Батырбеков.
Мамандар АЭС құрылысы үшін Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағалауы тиімді болады деп отыр. Соның арқасында оңтүстікте электр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік бар.
"Біздің қазіргі станцияларымыз 70 процентке тозған. Мен біздің ғалымдарымызға, ғылымымызға сенемін. Бұл атом бомбасы емес, электр энергиясын өндіру. Бұл жаңа өнеркәсіптік өндірістерді құруға мүмкіндік береді, осылайша ел экономикасы көтеріледі", - деп атап көрсетті Екібастұз ГРЭС-2 станциясының ардагері Гүлфия Ахмедова.
Бұдан бөлек, қоғамдық тыңдау кезінде пайдаланылған ядролық отынды көму және кәдеге жарату, АЭС салу және пайдалануға қажетті мамандар мәселесі де көтерілді.