АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. 2023 жылдың қазанынан бері Израильдің Газадағы әскери операциясы кезінде қаза тапқан адамдардың саны 39 790-ға жетті, деп хабарлайды РИА Новости.
Палестинаның денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәлімдемеге сәйкес, жарақат алғандардың саны да аз емес, 91 мың адамнан асты.
"Кеше израильдік әскери операциялардың салдарынан тағы 40 палестиндық көз жұмды. 7 қазаннан бері қаза тапқандардың жалпы саны 39 790 адамға жетті, ал жарақат алғандардың саны 91 702 адамды құрап отыр ", - делінген ресми хабарламада.
Израиль 7 қазанда Палестинаның ХАМАС қозғалысының әскери қанаты жариялаған "Әл-Ақса дауылы" операциясы аясында бұрын-соңды болмаған зымыран шабуылына ұшырады. Осыдан кейін ұйымның жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарға еніп, онда 200-ден астам адамды кепілге алды.
Биліктің соңғы мәліметі бойынша Израильде шамамен 1,2 мың адам қаза тапты, бұл санға бейбіт тұрғындар, сарбаздар, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар кіреді, сонымен қатар 5 мыңнан астам адам зардап шеккені туралы хабарланды.
Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс армиясы Газа секторындағы Хамасқа қарсы "Темір қылыш" операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде Израиль әскери күштері Газа шекарасындағы барлық елді мекенді бақылауға алып, сектор аумағындағы нысандарға, соның ішінде азаматтық нысандарға авиациялық соққы жасай бастады. Сондай-ақ Израиль Газа секторының толық блокадасын жариялады: су, азық-түлік, электр энергиясы, дәрі-дәрмек, отын жеткізу тоқтатылды.
Қазан айының соңында анклавтағы Израиль операциясының жердегі кезеңі басталды. Газа қаласын Израиль құрлық күштері қоршап алды, ал анклав іс жүзінде оңтүстік және солтүстік бөліктерге бөлінді.
Тараптардың аумақтық мүдделеріне байланысты Палестина - Израиль қақтығысы ондаған жылға созылып келеді.1947 жылы БҰҰ Израиль мен Палестина мемлекетін құру туралы шешім шығарғанымен, іс жүзінде тек Израиль мемлекеті құрылды.