АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Бүгін тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 15тамызға дейін жалғасады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Тестілеуге қатысу үшін 21 мыңнан астам өтініш қабылданды. ҰБТ-ға қатысушылардың 66%-ға жуығы қазақ тілінде, 34%-ы орыс тілінде, 69 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді.
ҰБТ-ның бірінші күнінде 5,7 мың адам емтихан тапсырады.
Тамыздағы ҰБТ бұған дейін шекті балл жинай алмаған, ҰБТ нәтижесі жойылған талапкерлерге тестілеуге қайта қатысып, ЖОО-ға ақылы негізде түсуге мүмкіндік беру үшін өткізіледі.
Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін пунктті, күнді және уақытты өздері таңдады.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.