Астанада Абай күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

Sputnik
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Астанада Абай күніне арналған іс-шаралар тізімі жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Бүгін ғылыми конференциялар, мектептерде тәрбие сағаттары, викториналық ойындар және басқа да 70-тен астам түрлі іс-шара ұйымдастырылады.
Елордадағы Абай күніне арналған мереке 10 тамыз күні 9:00-де Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Ал сағат 11:00-де Қаламгерлер аллеясында (Егемен Қазақстан көшесі, 9) "Абай рұханияттың алтын қазығы" атты әдеби-сазды кеш өтті.
Бұдан бөлек, Журналисттер саябағында (Кенесары көшесі) "Алдымда ақын Абай - Темірқазық! " атты әдеби кеш ұйымдастырылады. Ол да 11:00-де басталды.
Ал кешкі сағат 20:00-де Есіл өзенінің жағалауында (Арбат) Абай әндерін насихаттау мақсатында "Домбыра party" өтеді. Сол жерде ғұламаның өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық ойындар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ 14 тамыз күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Ұлылар мекені..." экспедициясының қорытындысы бойынша ғылыми конференцияны өткізу жоспарланған.