АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Пентагон Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы шабуылдары аясында Украинаға барлау деректерін беруді жалғастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
Бұған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер Ақ үй Украина қарулы күштерінің жоспары туралы алдын ала білгенін мойындаудан бас тартқан.
Америка министрлігінің өкілі War Zone порталына берген сұхбатында "Вашингтон Курск аймағына шабуыл жасау үшін Киевке көмек көрсетіп жатыр ма№" деген сұраққа жауап берді.
"АҚШ Украинаға әртүрлі жолмен, соның ішінде барлау ақпаратын беру арқылы қолдау көрсетуді жалғастыруда", - деді ол.
Дегенмен ол барлау ақпаратын беруге қатысты толыққанды ақпаратты жарияламады.
Пентагон өкілі ведомство Киевпен тұрақты байланыста екенін айтты, бірақ ол Курск аймағындағы оқиғаларға қатысты талқылаулар бойынша толығырақ айта алмайтынын мәлімдеді.
Оның мәліметінше министрлік облыстағы шабуылдардың нысандары туралы көбірек білу үшін Украина әскерилерімен байланысқа шыққан.
Ресей қарулы күштері Бас штабының басшысы Валерий Герасимов 6 тамыз күні сағат 5.30-да Украина қарулы күштерінің мың адамға дейінгі бөлімшелері Курск облысындағы аумақты басып алу мақсатында шабуылға шыққанын хабарлады. Украина әскерінің Ресей аумағына тереңірек өтуі тоқтатылды, деді ол.