АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Орталық Азия + Жапония" диалогы бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бектенов Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан аймақ екенін және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
"Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын. Жапон инвесторларының қатысуымен трансұлттық жобаларды жүзеге асыру аймақтың экономикалық өзара байланысының деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Орталық Азия мен Жапонияның озық технологиялар трансферті және қосылған құны жоғары өнімдер өндіру саласындағы өзара іс-қимылына назар аударды. Бұл бағытта бірлескен инновациялық кластерлер, технопарктер мен инкубаторлар құру мүмкіндігі аталып өтті.
Бүгінде Орталық Азия өңірінде мемлекеттік басқару секторын, финтех индустриясын және электронды коммерцияны айтарлықтай жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірегей ІТ экожүйе құрылуда.
Осыған байланысты ОА елдерінің Жапониямен жасанды интеллект технологияларын енгізу, дата-орталықтар салу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі ынтымақтастығы барлық тарап үшін жемісті болуы мүмкін, деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
"Жапонияда қолданылатын ЖИ, робототехника және ғылымның басқа да озық жетістіктеріне негізделген агротехнологиялар да қызығушылық тудыруда", - деп жазылған хабарламада.
Қаржы секторындағы өзара іс-қимылды арттыру және аймақаралық әріптестікті тереңдетуге Астана халықаралық қаржы орталығы мен Токио қор биржасы арасындағы әлеуетті ынтымақтастық елеулі үлес қоса алады.
Сирек жер металды кен орындарын игерудегі әріптестікті кеңейтуге және көлік-логистика саласында бірлескен жобаларды іске асыруға назар аударылды. Орталық Азияның солтүстікке, оңтүстікке, шығыс пен батысқа шығатын транзиттік әлеуеті жапон экспорты мен импортына үлкен мүмкіндіктер ашады.