Орталық Азия басшылары Ақордада не үшін жиналды – Тоқаев негізгі құжаттарды атады

Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуінде қабылданатын негізгі құжаттарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.
Осы жиында алдымен 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі.
"Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді", - дейді Тоқаев.
Бұдан бөлек, "Орталық Азия – 2040" өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Тоқаевтың айтуынша, осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді.
"Бүгінгі таңда халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық", - деп атап көрсетті Қазақстан басшысы.
Осы орайда Тоқаев соңғы жылдары Орталық Азия басшыларының бір-біріне жасаған сапарлары нәтижелі болғанын ерекше атап өтті. Соның барлығы тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін көрсетіп отыр.
"Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің "Орталық Азия плюс" форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы", – дейді мемлекет басшысы.