Климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды – Тоқаев

Президент барлық ел ұқсас сын-қатермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті әлемдегі күрделі үдерістер жағдайында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыру маңызды деп санайды.
"ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың" мәні артып келеді. Мемлекеттеріміз көпжақты құрылымдар, ең алдымен, БҰҰ аясында ортақ ұстанымдарға сүйене отырып әрекет етуге тиіс. Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз Орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз", – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынды.
Президент көпжақты ынтымақтастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп есептейді.
"Орталық Азия елдерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндік мол. Экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды. Барлық ел ұқсас сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан өзара ықпалдастықты кеңейтудің, үйлесімді жұмысты күшейтудің және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәжірибе алмасудың мәні зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жолындағы стратегиялық бағдары өзгермейтінін растады.