Екі баласын тұншықтырып өлтірген 20 жастағы келіншек сотталды

Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Қарағандыда екі баласын тұншықтырып өлтірген 20 жастағы келіншек сотталды. Ал тірі қалған үшінші қызы балалар үйіне тапсырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Сотталған келіншектің үш баласы болған. Тұңғышын 16 жасында босанған. Ал кенжесі бір жасқа да толмады.
Тергеу материалдарына сәйкес, үш баланың анасы басқа еркекпен азаматтық некеде болған. Бесеуі Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрды. Сол күні ер адам жұмыс бабымен қалаға кетіп қалды. Ал сотталушы үйде қалды. Оның айтуынша, тамақ сұрап жылай берген 2 және 4 жастағы қыздарын тыныштандырмақ болған. Содан екеуін төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып тұншықтырған.
"Жылағанын қойғанда ашсам, өліп қалыпты. Байқаусызда болды", - деді ол сотта.
Ол жазаны жеңілдетуді сұрады. Бірақ оның істегені қасақана кісі өлтіру бабына жатқызылды. Тіпті, емізулі баласы бар екені де жеңілдік берген жоқ.
"Жасөспірім балалары болса, ол қылмыстық жазаны жеңілдететін жағдай. Алайда ҚР Жоғарғы сотының тиісті нормативтік қаулысына сәйкес, егер қылмыс өзінің жасөспірім баласына қатысты жасалса, қылмыстық жазаны жеңілдетенін мән-жайға жатқызылмайды. Ол "байқаусызда өлтірдім" деп отыр. Бірақ оның қасақана өлтіргені жөнінде кінәсі іс материалымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді", - дейді судья Бекзат Шалғымбаев.
Екі баласын өлтірген келіншек 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның тірі қалған қызы балалар үйіне тапсырылды.