Астанада "Орталық Азия + Жапония" диалогының бизнес-форумы өтіп жатыр

Форумға Орталық Азия аймағы елдерінен және Жапониядан келген 450-ден астам делегация өкілі жиналды
Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов "Орталық Азия + Жапония" диалогының бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Форумға Орталық Азия аймағы елдерінен және Жапониядан келген 450-ден астам делегация өкілі жиналды. Жапонияның іскер қауымдастығынан Toyota Tsusho Corporation, Mitsubishi Heavy Industries EMEA, Ltd., Mitsui & Co., Ltd сияқты ірі компаниялардың басшылығы мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық оқу орындарының ғылыми қызметкерлері және басқалар қатысты", - делінген хабарламада.
Олжас Бектенов өңірдің технологиялар трансфертіне мүдделі екенін баса айтты.
Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару секторын, қаржы технологиялары мен электронды коммерцияны жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірегей IT-экожүйесін құруда, деді ол.
Сондықтан жасанды интеллект технологияларын енгізу, деректер орталықтарын салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық барлық тарап үшін жемісті болуы мүмкін.
Бектенов қаржы секторы туралы айта келіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Токио қор биржасы арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін айтты.
Экономикалық байланыстарды нығайту және өзара іс-қимылды кеңейту келешегі, оның ішінде цифрландыру, көлік-логистика саласы, агроөнеркәсіптік кешен, ауыр өнеркәсіп секторы және тағы басқа салалардағы ынтымақтастық талқыланды.
"Орталық Азия + Жапония" Диалогы аясындағы бизнес-форумның қорытындысы көп қырлы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі құжаттарға қол қою болатыны айтылды.