Тоқаев Өзбекстан басшысына орден тақты

Sputnik
АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденін табыстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды және құрметтейді.
"Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде", – деді Тоқаев.
Өзбекстан президенті Қазақстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградасы үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен бауырлас қазақ халқына өз ризашылығын білдірді
"Бұл марапатты екі халық арасында ғасырлар бойы жалғасқан шынайы достық және тату көршілік қатынастарды арттыруға қосқан бірлескен күш-жігерімізге берілген лайықты баға деп санаймын. Қазақстан біздің ең жақын, сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктесіміз", – деп атап көрсетті Мирзиёев.
Айта кетері, 2018 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Шавкат Мирзиёевке орден табыстаған. Өзбекстан басшысына I дәрежелі "Достық" ордені тапсырылған болатын.