Құны 200 млн теңгеден асатын балық өнімі заңсыз экспортталған

Күдіктіге 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды
Sputnik
АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Қазақстаннан жалпы құны 200 миллион теңгеден асатын 60 тоннадан астам балық заңсыз экспортталған.

"Қаржылық мониторинг агенттігі "көксерке сүбесі" балық өнімінің аса ірі мөлшерде контрабандасы фактісі бойынша тергеуді аяқтады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу барысында 2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін мекеме басшысы заңсыз ауланған балықты сатып алып, оны кейіннен Еуроодақ елдеріне экспорттағаны анықталды.
Бұл ретте экспортқа рұқсат беру құжаттарын алу үшін балықты қолдан өсіруге мүмкіндігі жоқ шаруа қожалығынан тауардың қайдан шыққаны туралы жалған құжаттар алынған.
"Сот үкімімен күдіктіге сатылған балық өнімінің кедендік құнын мемлекет кірісіне өндіріп ала отырып, 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған хабарламада.