Жаңа оқу жылына дейін 20 жайлы мектеп іске қосылады

Республика бойынша биыл 536 мың оқушыны қабылдай алатын 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. 1 қыркүйекке дейін 20 жайлы мектеп ашылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа мектептер "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру аясында алғаш рет ашылады.
"Биылғы 20 тамызға дейін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру аясында алғаш рет 20 мектеп іске қосылады",-деді Бейсембаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Жалпы, республика бойынша биыл 536 мың оқушыны қабылдай алатын 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
"Бұл шаралар 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет", — деп атап өтті министр.
Оқу жылы қарсаңында күрделі жөндеуден кейін 222 мектеп ашылады