Үйлері кепілге қойылып, шоттары бұғатталды: Алматы облысында ондаған отбасы далада қалмақ

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 шілде – Sputnik. Алматы облысы Кеген ауданы Кеген ауылында тұратын 70 отбасының баспана, мал-мүлік, шоттары бұғатталды. Тұрғындар үш айдан бері зейнетақылары мен әлеуметтік төлемдерін де ала алмай отыр. Кеген ауданына барып қайтқан Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаның мән-жайын білді.

Даудың басы жеңілдетілген несиеден басталды

Бұл 70 отбасы осыдан 11 жыл бұрын ауыл шаруашылығы үшін несие алған. Несиені "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы "Нұрай - несие" шағын несиелік ұйымы арқылы берген.
"2013 жылы "Нұрай-несие" деген кіші деңгейлі банктен несие алдық. Басшысы Ұлан Аришов деген адам болды. Бұл жеңілдетілген несие, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша берген еді. Бір жыл каникулы бар. Сол каникулды өткізіп, келесі жылы алған несиеміздің бәрін төледік. Бұл несиені алу да оңай болған жоқ, үйімізді, басқа да дүниемізді кепілдікке қойдық. 2015 жыл несиені түгел төлеп, кепілдіктегі заттарымыздың құжаттарымызды түгел қайтарып алдық. Осыдан үш ай бұрын банктегі шоттарымызға бұғат қойылыпты. Қаскелеңде сот болып, сол сот орындаушының қызметінің 2 млн ақшасын осы 68 адамға бөліп жіберген. Қырық мыңнан төлеп оны әрең шешіп алдық", - дейді Кеген ауылының тұрғыны Талғат Қожа.
Бұл мәселеден құтылып, ерен санамай жүре бергенде 68 адамның шоттары ғана емес, баспана, мал-мүлік, көліктеріне дейін бұғат қайта салынған.

"Қақпаған есік, баспаған табалдырық қалмады"

"Қаскелеңдегі сот орындаушының айтқаны: "Жоғарғы соттан сондай шешім келді. "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына "Нұрай-несие" қарыз, ал сол банктен ақша алған адамдар бір-біріңізге гарантсыздар дейді. Сонда бізге айтпай бізді гарант жасап тастаған. Облыс әкімін, "Жетісу" корпорациясын да шақырдық. Несие ұйымының басшысы Ұлан Аришовты сол күйі таппадық. Облыс әкімнен де көмек сұрадық. Аудандық прокуратура, сотқа да жаздық. Жазған арыздарың қате деп қайтып келеді. Аудандық прокуратура қолымыздан ешнәрсе келмейді деді", - дейді Кеген ауылының тұрғындары.
""Жетісу" корпорациясы өндіре алмаған қарызын халыққа бөліп тастаған"
68 отбасының "Жетісу" корпорациясының алдындағы берешегі 280 миллион теңгеден астам.
"Нұрай-несиенің" қарызын 68 адамға бөліп тастап отыр. "Жетісу" корпорациясы "Нұрай-несиеден" ешнәрсе өндіре алмай, біздің мойнымызға қарызды іліп тастап тұр. Ұлан Аришовтың басында зәулім үйі, мал-мүлкі бар бай адам. Бірақ өз атында ешнәрсе жоқ. Зейнетақы, әлеуметтік төлем ешнәрсе ала алмай отырмыз", - дейді тұрғындар.

"Бізге айтпай атымыздан несие алған"

"Күйеуім сол Ұлан Аришовтың қол астында жұмыс істеді. Сол кезде күйеуінің атынан 3 млн теңге несие алып тастаған. Енді итшілеп соны төлеп жатырмыз. Қазіргі күні Кегеннің тұрғындары 280 млн ақшаны төлемесе баспана мен шоттарымыз бұғаттан шешілмейді. Мұндағы кейбір отбасы алған несие туралы білмейді. Қолымызда несиенің келісімшарты да жоқ, ешнәрсе дәлелдей алмай отырмыз. Не сол несие ақшаны да көрген емеспіз. Бұл туралы бұғат қойылғанда ғана біліп отырмыз", - дейді Алуа Жұмағылова.
Жеңілдетілген несиені алу үшін де ауыл тұрғындары жарты миллиондап ақша берген.
"Басында бізге осы кредитті алатын кезде 500 мыңнан ақша құйдық, үйді кепілдікке қойдық. Бұл 500 мыңды беріп ек, 7 ай жоқ болып кетті. Артынан даулап қаншама жүрдік. Сонда біз төлеген ақшадан "Жетісу" корпорациясына ақша түспеген. Бұл корпорация туралы жақында ғана естідік. Бұл проблема бойынша бірнеше рет сот болыпты, бірақ бір де бір сот отырысы туралы естіген емеспіз. Әрқайсысымыздың қолымызды қолдан жасап, Ұлан Аришов құжат жасаған", - дейді кеген ауданының тұрғыны Тұрсын Бегалиев.
Сөздің қысқасы Кеген ауданының 68 отбасының кепілдікке қойған баспана, дүние мүлкі жақында аукционға қойылады. Бұны да ауыл тұрғындары айтып, қаймығып жүр.

"Жетісу" корпорациясы не дейді

"Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020" бағдарламасы аясында "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік копорациясы "Нұрай - Несие" кредиттік серіктестігі" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бюджеттік кредит қаражатын берген.
"Корпорация кредиттік серіктестікке түпкілікті қарыз алушыларға микрокредиттер беру үшін 2018 жылдың 15 наурызына дейінгі мерзімге 40 000 000 теңге, 2018 жылғы 24 тамызға дейінгі мерзімге 90 000 000 теңге, 2019 жылдың 25 ақпанына дейінгі мерзімге 80 000 000 теңге сомасында, 2020 жылғы 20 наурызға дейінгі мерзімге 89 000 000 теңге сомасында, барлығы 299 000 000 теңге кредит бердік", - дейді "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік копорациясы.
Ал кредиттік серіктестік корпорациядан алған кредит қаражатын Кеген ауылының тұрғындарының өтінімдері негізінде бөліп берген. Барлық кредит алған ауыл тұрғындары сол кредит алған серіктестіктің құрылтайшылары болып табылады, яғни барлық соманы қайтаруға кепілдік берген. Бірақ бұл жәйттан ауыл тұрғындары хабарсыз болып шықты. Тек шоттары мен дүние-мүлкі бұғатталғанда ғана көздері жетіп отыр.
Кредиттік серіктестік шарт талаптарын бұзған, кредит қаражатын нысаналы бағытта пайдаланбаған, кредит қаражаты жұмыспен қамту орталығында есепте тұрмаған, сондай-ақ кредиттік серіктестіктің құрылтайшылары болмаған тұрғындарға бөліп берген. Сол себепті корпорация Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз беріп, нәтижесінде 2016 жылғы 22 қыркүйекте сот корпорацияның талап-арызын қанағаттандырды.
Сот шешімімен кредиттік серіктестіктен корпорацияның пайдасына 28 758 370 теңге көлемінде берешек сомасы, 4 869 925 теңге көлемінде өсімпұл, 1 008 849 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілді", - дейді корпорация Sputnik Қазақстан редакциясының берген сауалына. "Нұрай - Несие" міндеттемелерін уақтылы орындау жөніндегі хабарламаға мүлдем жауап қатпаған. Ол аздай кредит қаражатын төлеу мерзімдерін бұзған. Корпорция 2019 жылғы 10 наурызда сотқа қайта жүгінеді. Қысқасы "Жетісу корпорациясы" мен Кегендегі "Нұрай - Несие" серіктестігінің арасында үш рет сот болады. "Жетісу" корпорациясының мәліметінше, "Нұрай - Несие" кредиттік серіктестігі 271 779 959 теңге қайтармаған.
"Кредиттік серіктестіктің бұрынғы директоры Ұлан Аришов пен корпорация арасында биыл 23 қаңтарда 263 984 042 теңге көлеміндегі берешекті ерікті түрде өтеу туралы медиативтік келісім жасалды. Алайда, Аришов медиация талаптарын тағы да өрескел түрде бұзды", - дейді корпорация.
Бюджет қаражатын қайтаруды көздеген "Жетісу" корпорациясы жеке сот орындаушылары арқылы кредиттік серіктестіктің түпкілікті қарыз алушылары, яғни Кеген ауданының 10 жыл бұрын несие алған тұрғындарынан берешек сомасын мәжбүрлеп өндіру туралы өтінішпен жүгінген.
"Салдарынан түпкілікті қарыз алушылар – Кеген ауданының тұрғындары арыздана бастады, 61 тұрғынның 38-і 75 353 967 теңгені өтегені туралы құжаттарын ұсынды. 26 түпкілікті қарыз алушылар бойынша берешекті толық өтеу фактісі жалпы 58 226 865 теңге сомасына расталды . Кеген ауылының тұрғындарымен кездесу болды . Кездесуге келген барлық тұрғын кредиттік серіктестік алдындағы берешекті толық өтегендіктерін айтты. Бірақ бүгінгі күнге, "Нұрай - Несие" кредиттік серіктестіктің корпорация алдындағы берешегі 263 984 042 теңге", - дейді "Жетісу" ӘКК.
Корпорация "Нұрай Несие" ЖШС-ның басшысы Ұлан Аришовқа қатысты Заңмен көзделген шараларды қабылдауды, сондай-ақ оның бюджеттік кредит қаражатын алу мақсатында жалған құжаттарды ұсыну және оларды заңсыз иемдену фактілерін тексеруді сұрап, құзырлы органдарға арыз түсірген.