АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "университеттің өзіне қажетті талапкерді таңдау" жүйесіне көшу жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын талапкердер жыл сайын көбейіп келеді. Себебі Қазақстан халқы өсіп жатыр. Биыл тест тапсырған талапкерлердің саны 10 мың адамға артық болды. Келесі жылы осы көрсеткіш тағы өседі.
"Сондықтан біз жоғары оқу орындар өздері балаларды қабылдайтын және емтихандарды өздері ұйымдастыратын модельге ақырындап көшуіміз керек. Мысалы, шетелде ең мықты елдерді қарасаңыздар, жоғары оқу орындар студенттерді өздері таңдайды. Гарвардқа құжат тапсырсаңыз, онда талапкердің өзіндік профилі болады. Олар кез келген студентті алмайды, Гарвард өздерінің сапалы бағдарламаларына және талаптарына сай келетін адамды ғана қабылдайды. Ол жақта бала Гарвардқа түсемін десе, алдын ала дайындалады. Талаптарын біледі. Сөйтіп, төрт-бес жыл бұрын дайындалады", - деді Саясат үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі бірден өзгермейді.
"Бұл - үлкен реформа. Бәрі бір сәтте, бір жылда өзгермейді. Сондықтан уайымдамаңыздар. Біз бұны ашық түсіндіріп, ақпараттық жұмысты дайындап бастауымыз керек", - деп атап көрсетті министр.
Ал брифингтен кейін Нұрбек емтихан билеттерімен оқуға түскенін еске алды.
"Мен өзім ҰБТ-ны енгізгенге дейін оқуға түскенмін. Ол кезде шынымен де қиын болды. Нағыз дайындық сол. Билет таңдап, жауап беруің керексің. Иә, ондайда жеке қасиеттер де сыналады, комиссия мүшелеріне бәрін дәлелдеп беру қажет. Сондықтан адамның дайындығы мықты, ал мотивациясы жоғары болса, оқу түсуге мүмкіндігі де көп", - деді ғылым және жоғары білім министрі.