АЛМАТЫ, 6 шілде – Sputnik. "JOLTAP" жобасы аясында 5 мыңнан астам астаналық жаңа мамандықтарға тегін оқытылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жоба аясында 18,5 мың қала тұрғыны 52 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алды, 15 дағды бойынша қысқа мерзімді оқытуға жазылып, қаланың ірі жұмыс берушілерінің өзекті бос жұмыс орындары бойынша хабардар етілді.
Қысқа мерзім ішінде 5 мыңнан астам азамат оқытылып, 3 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды.
Қала тұрғындары қаланың өнеркәсіптік зауыттарына жұмысқа орналасты, фрилансерлік тапсырыстарды қашықтан қабылдай бастады, кофеханаларын, шеберханалары мен дүкендерін ашты.
"Бүгінгі таңда ТжКБ жүйесі біз үшін технологтар мен дизайнерлер туралы айтпағанда, кез келген кадрларды, тіпті қарапайым жиһаз жинаушыларды да шығармайды. Бұл жағдайда "JOLTAP" жобасы біз үшін өте маңызды" - дейді "ҚР Жиһаз жасаушылар гильдиясы" ЗТБ президенті Қарлығаш Байбаченова.
Ал "Danmard" тігін фабрикасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Даниэль Болатқұлов нарықта дайын кадрлар өте аз екенін атап өтті.
"Астанада 32 колледждің тек 6-ы ғана тігіншілер шығарады, ал осы түлектердің төрттен бір бөлігі ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. "JOLTAP" жобасы өз кезегінде бұл ауыртпалықты жеңілдетеді", - деп атап өтті ол.
"YDA" зауытының өндірістік цехының директоры Дженк Куруч қысқа мерзімді оқытудың тәжірибеге бағытталғандығын айтады. 3-разрядты электр газбен дәнекерлеушілер нарықта сұранысқа ие және жоба азаматтарды 10 күнде қайта даярлауға мүмкіндік береді.
"JOLTAP" жобасы туралы барлық сұрақ бойынша 8 707 221-31-31 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуға болады.