1,7 млн оқушы мектепте тегін тамақ ішеді

Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар
Sputnik
АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы мектепте тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Министр 2024-2025 оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады.
"1 қыркүйектен бастап 1,7 млн қазақстандық оқушы мектепте тегін тамақпен қамтылады. Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар", - деді Бейсембаев.
Жаңа оқу жылында барлығы 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн оқушы үшін сабақ басталады, оның ішінде 360 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше бүгінгі таңда мектептердің 90%-ы оқулықпен қамтылды.
Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қолдау шаралары да жалғасуда. Балаларды оқу құралдарымен және қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында 22,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол 510 мың баланы мектепке дайындауға жұмсалады.