Жыл басынан 32 су нысаны мемлекетке қайтарылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. Жыл басынан бері 32 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қайтарылды, деп хабарлайды су ресурстары және ирригация министрлігі.
31 суару каналы мен 1 бөгеттің барлығы Жамбыл облысында орналасқан.
Қазіргі уақытта еліміздің басқа өңірлеріндегі су шаруашылығы нысандарын республикалық меншікке қайтару бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Министрлік еліміздің су инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты бастаған. Президенттің тапсырмасы аясында 2030 жылға дейін су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша кешенді жоспар әзірленді.
"Жоспарда 44 су қоймасын салу, 76 гидротехникалық құрылысты, 5321 шақырымнан астам ирригациялық жүйені қайта жаңарту, сондай-ақ 3230 тік дренажды ұңғыма бұрғылау көзделген", - дейді ведомство.
Бүгінгі таңда 114 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.