АСТАНА, 5 тамыз – Sputnik. F-16 жойғыш ұшақтары Украинаға жеткізілді, деп мәлімдеді Владимир Зеленский Telegram каналында.
"F-16 Украинада", - деп жазды ол.
Жексенбі күні The Economist журналы америкалық 79 жойғыш ұшақтың алғашқы ондығы республикаға жеткізілгенін хабарлады. Сонымен бірге БАҚ Джо Байден әкімшілігі мақұлдаған бұл техника Киевке бір жылдан кейін келгенін жазды.
Осы аптада The Telegraph газеті F-16 ұшақтары "әуе қорғанысы қаруы" ретінде қолданыла бастағанын жазды.
Украинаға F-16 жойғыш ұшақтарын жіберу
10 шілдеде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен НАТО саммиті аясында Вашингтон мен оның одақтастары америкалық техниканы Киевке жібере бастағанын хабарлап, бұл ұшақтар биылғы жазда Украина аспанында ұшатынын мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, АҚШ Украинаға берілген F-16 ұшақтарын AGM-88 HARM зымырандарымен, бомбаларды бағыттаудың дәлдігі жоғары кешендермен, AMRAAM және AIM-9X зымырандарымен, сонымен қатар шағын диаметрлі бомбалармен жабдықтауды жоспарлап отыр. Дегенмен материалда америкалықтар Украина қарулы күштеріне бұл қаруды Ресей аумағында "шекара жақтан жасалған шабуылдарға жауап ретінде" ғана қолдануына рұқсат бергені айтылған.