АЛМАТЫ, 5 тамыз - Sputnik. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында туризм саласында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялар — туроператорлар, турагенттіктер және өзге де ұйымдар өз қызметінен түсетін кірісті орта есеппен 5 есеге арттырды, деп хабарлады Finprom.kz.
Қаңтар-наурыз айларында туризмдегі қаржы индикаторы 160,3 млрд теңгеден асты. Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы берді.
Мұндай елеулі нәтижеде туроператорлар шешуші рөл атқарды. Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша елде осындай 558 компания бар. Туроператорлардың кірісі биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7,6 есеге, 143,4 млрд теңгеге дейін өсті.
Қазақстандағы туроператорлар мен туристік агенттіктердің бизнесі көбінесе мегаполистерде дамып жатыр: бұл - Алматы, Астана және Шымкент қалалары.
Кейбір аймақтарда керісінше туроператорлар мен турагенттердің бір жыл ішінде кірісі қысқарған. Мысалы, Ақтөбе облысының туристік фирмалары өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 17,7 есе, Батыс Қазақстан облысында 7 есе, Атырау облысында 2 есе аз алды.
Статистика мәліметі бойынша өткен жылы ҚР-ға келген шетелдік туристер саны 2 есеге артып, 9,2 млн адамға жетті. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал шетелге 10,5 млн қазақстандық шыққан, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 37,2%-ға көп.
Шетелде демалу үшін турларды отандық туроператорлардан сатып алған қазақстандықтар 380,3 млрд теңге төлеген.