АЛМАТЫ, 3 шілде - Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылында екі ер адам әжетханаға түсіп қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қайғылы оқиға 3 шілдеде болған. Ер адамдардың бірі 1995 жылы, екіншісі 2000 жылы туған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, ағасы әжетханаға телефонын түсіріп алып, шығармақ болған. Бірақ уланып қалған.
Екінші жігіт ағасын құтқармақ болған.
"Екі жігіт дала әжетханасына құлап, улы газдардың әсерінен қайтыс болды. РЖҚЖ жедел тобы мәйіттерді шығарып, полицияға тапсырдық", - дейді "Республикалық жедел-құтқару жасағы” мекемесінің құтқарушылары.
Құтқарушылар тұрғындарға сақ болуды ескертті.
"Ешқашан ашық дәретханаларға немесе шұңқырларға бағалы заттарыңызды құлатып алсаңыз да, түспеңіз. Бұл улы газдармен улану және тұншығу қауіпіне байланысты өмірге қауіп төндіреді. Қажет болса, құтқару қызметіне хабарласыңыз", - деп жазды ведомство.