Құлсарыда жаңа шағын аудан салынып жатыр: жұмыс 72%-ға аяқталды

Салынып жатқан үйлерді осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда
Sputnik
АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Құлсары қаласындағы су тасқыны салдарын жою жұмысын тексерді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Атырау облысы бойынша барлығы 1,3 млрд теңгеге 3652 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек алды.
Өңірде су тасқынынан барлығы 2650 үй зардап шекті. 1 457 үй апатты деп танылды, 1 193 үй – күрделі жөндеуге жатқызылды.
Үкімет басшысына Құлсары қаласының "Болашақ" жаңа шағын ауданында 100 тұрғын үй салу барысы туралы баяндалды. Бүгінгі таңда жұмыс 72%-ға аяқталды: салынып жатқан 96 нысанның іргетасы қаланды, 78 үйдің қабырғасы тұрғызылды, 34-інде төбесін жабу жұмыстары басталды.
Үйлерді осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Шағын аудандағы тұрғын үйлерден бөлек, 2 мың орынды Binom мектебі мен 300 орынды балабақша салынады. Сондай-ақ жаңа үйлердің болашақ тұрғындарының демалуына арналған орындар жабдықталады.
Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысының мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету үшін Құлсары қаласы нысандарындағы мердігер ұйымдар саны 2,5 есеге ұлғайтылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасын бақылау мақсатында учаскелерде Gov.kz сайтында көрсетілетін бейнебақылау камералары орнатылған.
"Жұмысты тездетіп, мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау керек. Құрылыстың барлық кезеңін бақылай отырып, әр мердігермен жобалық негізде жұмыс істеу қажет. Бұл тұрғын үйдің тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін маңызды", — деп Олжас Бектенов әкімдікке құрылыс барысында инженерлік коммуникациялар жүргізу мәселесін де шешуді ескертті.
Сонымен қатар Құлсарыда су тасқыны кезінде бүлінген автожолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған 12,1 шақырымның 4,9 шақырымы жөнделді. Сондай-ақ су тасқыны кезінде зардап шеккен 215 бизнес субъектісіне өтемақы төленді. 1614 шаруа қожалығына мал мен үй құстарына келтірілген шығын өтелді.