Үкімет шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін қосымша 400 млрд теңге бөледі

Sputnik
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие берудің жалпы көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет жыл басындағы 180 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыруға қосымша, шаруаларға жылдық 5%-бен несие беру үшін 400 млрд теңге тартуға жағдай жасады. Жеңілдетілген қарыз қаражатының жеткілікті мөлшері диқандарға жоғары өнім алу үшін технологияларды сақтауға мүмкіндік береді.
Қарыз алуды жеңілдету үшін қаржыландырудың тағы бір арнасы – өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары тартылды. Алты облыс әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеуге 65 млрд теңге бөлді.
2024 жылдың наурыз айынан бастап отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл – шаруаларды алдын-ала отандық арзан тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін жаңа ынталандыру механизмі. Аталған тетік шеңберінде субсидиялау мөлшерлемесі 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде отандық тыңайтқыштарға сұраныс күрт өсті: егер өткен жылы 676 мың тонна енгізілсе, биыл 1,5 млн тонна енгізу жоспарланған, оның 1,1 млн тоннасы сатып алынды.
Өнімділікті арттырудың тағы бір маңызды факторы – сапалы тұқым пайдалану. 2024 жылы элиталық сорттарды пайдалану 9%-ға дейін өсті, бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға жоғары.
Қазақстанда тұқым шаруашылығы мәселелерін жүйелі шешу үшін Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.
Құжатта аграрлық ғылымның және селекциялық-тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалды-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ тиімді тұқым шаруашылығы жүйесін құру көзделген. Жоспарды іске асыруға 63,4 млрд теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке жылдық 5%-бен беру мақсатында "ҚазАгроҚаржы" АҚ үшін қосымша 100 млрд теңге тарту шаралары енгізілді. Жоспарланған қаражаттың 32,2 млрд теңгесі игеріліп, қаржыландырудың жалпы көлемі 450 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жылдық 5% мөлшерлеме бойынша несие беру үшін қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігін енгізді. Бұл тетік қарыз алушылар тарапынан құжаттарды тапсырмай-ақ субсидиялар алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ол көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу үшін қолданылады.
Тікелей субсидиялау қағидатын енгізу су беру қызметтеріне де таралды. Енді суармалы су беру қызметтерін сатып алу шығындарын өтеу тікелей су берушілерге аударым өтінімдерінің тетігі арқылы жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде тауар өндірушілер субсидияларды күту және су берушілерге айырманы төлеу қажеттілігінсіз және арзандатылған құны бойынша суармалы су беру қызметтерін сатып алатын болады. Сонымен қатар тікелей субсидиялау саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Бұдан басқа, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін инвестициялық субсидиялауда нормативтерді ұлғайту көзделген. Су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ суды алу және беру үшін инфрақұрылымды құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесі жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Тағы бір шара — Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша инфрақұрылымдық жобаларға несие беру үшін қаражат тарту. Тетікте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 2,5%-дық жеңілдікпен несие беру. 100 млрд теңге сомасына 65 тауарлы сүт фермасын қаржыландыру басталды, бұл жылына 373 мың тонна қосымша сүт өндірісін қамтамасыз етеді.
2024 жылдан бастап бағдарлама бағыттарды көбірек қамтиды. Енді тауарлы сүт фермалары, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт қаржыландырылады. Оның ішінде етті мал шаруашылығы кәсіпорындары, жеміс қоймалары, өнеркәсіптік жылыжайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу кәсіпорындары және құс шаруашылығындағы асыл тұқымдық репродукторлар бар.
Үкімет қайта өңделген өнімнің үлесін өндірілетін шикізаттың 70%-на дейін жеткізу үшін Қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын мақұлдады. Оны іске асыруға 372 млрд теңге бөлу жоспарлануда, оның 150 млрд теңгесі инвестицияларға және 222 млрд теңгесі айналым қаражатына жұмсалады.