Білім

Президент химиядан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтады

Қазақстандық оқушылар IChO - 2024 химия олимпиадасында екі алтын, күміс және қола медаль жеңіп алған еді
Sputnik
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Эр-Риядта өткен химиядан 56-шы Халықаралық олимпиаданың жүлдегерлеріне құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
"Еліміздің құрама командасы үшінші жыл қатарынан осынау беделді турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізгені қуантады. Биыл сіздер екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, білім деңгейлеріңіздің өте жоғары екенін көрсеттіңіздер. Осы арқылы отандық білім беру саласының халықаралық ғылымдағы беделі зор әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдедіңіздер. Бұл ретте ұстаздар мен ата-аналардың сіңірген еңбегі ерен", – деп жазылған жеделхатта.
Тоқаев оқушылардыңжеңістері еліміздің дамуына қызмет ететін кәсіби жетістіктерге ұласатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы жас дарын иелерінің алдағы уақытта да білімнің биік шыңын бағындыра берулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетері, қазақстандық оқушылар IChO - 2024 химия олимпиадасында екі алтын, күміс және қола медаль жеңіп алған еді.
International Chemistry Olympiad дүниежүзілік ең беделді топ-7 олимпиадалардың қатарына кіреді.
Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК төленеді және оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған.