АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Елордада "Қазақстанда ЛГБТ*-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!" петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Республикадағы бірқатар министрліктің өкілі, парламент депутаттары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысқан талқылауда мемлекеттік органдардың, өтініш берушілердің, сарапшылардың және басқа да мүдделі тараптардың ұстанымдары айтылған жұмыс тобының алдыңғы екі отырыс нәтижесі айтылды.
Нәтижесінде уәкілетті орган "Жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттау мен культ қылудан қорғау, алшақтату" талаптарына қатысты петицияны ішінара мақұлдау туралы шешім қабылдады. Яғни, балалар аудиториясына сексуалды контент таратуға шектеулер енгізу қажеттілігі қарастырылуда.
"Бұл шешім алдын ала және елдегі негізгі заңының ережелеріне, халықаралық және ұлттық нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарына, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрсетілген мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына сәйкес келеді", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, министрліктің шешімі "Бала құқықтары туралы" Қазақстан заңына және Конвенцияға негізделеді. Заңға сәйкес мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік ортаның, қандай да бір ақпараттың, оның денсаулығына, адамгершілігіне және рухани дамуына зиян келтіретін насихат пен үгіттің кері әсерінен қорғауға міндетті.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, министрлік ресми шешімді осы жылдың 6 тамызына дейін петиция авторына жолдайды.
*Ресейде тыйым салынған, экстремистік деп танылған ұйым