АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррельмен өткізген келіссөздердің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Визит Жозепа Борреля в Астану
© Sputnik / Санат Имангалиев
Бұдан екі жыл бұрын Боррель Астанаға келген. Одан кейін Нұртілеудің өзі Брюссельге барып келді.
"Бүгінгі кездесу – біздің төртінші толыққанды бас қосуымыз. Екіжақты байланыс динамикасы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің тағы бір көрсеткіші екенін толық сеніммен айта аламыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Еуроодақ өзара сенімге, сыйластық пен ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынастарды бірізді дамытуда. Жаңа ғана өткен келіссөздерге келсек, оның нәтижелі әрі ашық, конструктивті сипатта өткеніне айрықша ризамыз", - деді Нұртілеу арнайы брифингте.
Визит Жозепа Борреля в Астану
© Sputnik / Санат Имангалиев
Оның айтуынша, бүгінде ең басты мақсатымыз – Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі жүзеге асыру жолдарын қарастыру және өзара тиімді шешімдерін табу. Себебі Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып саналады. Биыл 5 айдың ішінде өзара сауда 20,2 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш еліміздің жалпы сауда айналымының 37%-ын құрайды.
Оған қоса, 3 мыңнан астам еуропалық компания отандық экономикамыздың түрлі секторларында белсенді жұмыс істеп келеді. Олардың ішінде "Eni", "Total", "Amazonen-Werke", "Air Liquide", "Alstom", "Carlsberg" сияқты аты әлемге танымал компаниялар бар.
"Бұл жолы біз CRM, яғни, аса маңызды шикізат материалдар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселесіне көңіл бөлдік. Осы ретте Қазақстан үкіметі еуропалық компаниялар мен іскерлік топтардың елімізге келуін құптайды. Еуроодақ санкцияларының Қазақстан экономикасына теріс әсерін тигізбеуіне де ерекше назар аудардық. Бұған қоса, трансконтиненталды теміржол, әуе және автомобильдік көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығы айтылды", - деп атап көрсетті министр.
Еуропалық одақ "Транскаспий халықаралық көлік маршрутын" бірлесіп дамытуға да мүдделі екенін растап отыр.