АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Біржақты санкциялардың басым көпшілігі халықаралық құқық пен мемлекеттердің міндеттемелерін бұзады, деп мәлімдеді БҰҰ-ның біржақты мәжбүрлеу шараларының адам құқықтарын жүзеге асыруға кері әсері жөніндегі арнайы баяндамашысы Елена Довгань РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
"Қазір біржақты санкциялардың басым көпшілігін халықаралық құқық бойынша заңсыз болып табылатын біржақты мәжбүрлеу шаралары деуге болады", - деді ол.
Сонымен бірге, Довганьнің пікірінше, біржақты мәжбүрлеу шаралары әсер ететін халықаралық құқықтың салаларына сан алуан құқықтық қатынастар жатады.
Бұл "халықаралық жауапкершілік құқығымен, халықаралық шарттар құқығымен, адам құқықтары құқығымен, халықаралық экономикалық және сауда құқығымен, ДСҰ міндеттемелерімен, халықаралық әуе және теңіз құқығымен, екіжақты достық және ынтымақтастық туралы, шетелдік сот шешімдерін тану және өзара орындау, инвестицияларды қорғау келісімдермен және басқа да бірқатар мәселелермен етене байланысып жатқан әмбебап, аймақтық және екіжақты сипаттағы халықаралық шарттармен" реттелетін құқықтық қатынастар.
Довгань БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясынсыз кез келген біржақты шаралар егер ол шаралар мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін бұзбаса немесе олардың заңсыздығы халықаралық жауапкершілік заңнамасына сәйкес алынып тасталса ғана мемлекеттің құзырында қабылдануы мүмкін екенін айтты.
"Мысалы, мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктің штатын қысқарту, оны жабу немесе халықаралық шарт жасамау немесе мұндай келісімнен шығу туралы шешім қабылдауы мүмкін және бұл тек халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкес орындалады", - деді баяндамашы.