Су тасқыны: зардап шеккен қазақстандықтарға 4 790 баспана берілді

Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау және тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты тұрақты бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
34 068 отбасына бір реттік 100 АЕК көлемінде өтемақы төленді. Осы мақсаттарға барлығы 12,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бағалау аяқталуына қарай жоғалған ең қажетті заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша төлемдер де жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 21 800 отбасы жалпы сомасы 9,9 млрд теңгеге тиісті өтемақы алды.
Қазіргі уақытта барлық облыста тұрғын үй мен саяжай құрылысын тексеру және бағалау жұмысы толығымен аяқталды.
Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 4 790 салынған және сатып алынған үй мен пәтер берілді.
Мәселен, 323 жаңа үй салынып, пайдалануға берілді. Солтүстік Қазақстан облысында 235 отбасы, Қостанай облысында – 57, Ақтөбе облысында – 26 және Павлодар облысында – 5 отбасы жаңа үйдің кілтін алды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде күзге дейін барлығы 2 568 үй салып, тапсыру жоспарланған, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
4 467 отбасы үшін қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерлер сатып алынды. Қостанай облысының тұрғындарына 315 тұрғын үй берілсе, Ақмолада – 219, Атырауда – 1372, Ақтөбеде – 447, Солтүстік Қазақстанда – 1102, Батыс Қазақстанда – 1004, Қарағанды – 6 және Павлодарда – 2 тұрғын үй берілді.
Комиссия шешімдерінің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 48,2 млрд теңгеге 8 717 отбасы тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды.
Сонымен қатар зардап шеккен бизнеске келтірілген шығынды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Өңірлік комиссиялар ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге 374 өтінімін қарап, мақұлдады. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.