Жаяу жүргіншілердің өлімі көп тіркелетін аймақтар жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 30 шілде - Sputnik. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаяу жүргіншілердің өлімі көп тіркелетін аймақтар жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, елді мекендерде инфрақұрылым мәселесі шешілмей жатыр. Соның салдарынан жаяу жүргіншілердің өлімі азаймай тұр.
Бүгінде жол апатының 85 проценті жергілікті жерде тіркеледі. Ал адам өлімнің төрттен бірі – жаяу жүргіншілерді қағып кету.
“Олардың ең үлкен үлесі Маңғыстау, Алматы мен Қызылорда облыстарына тиесілі”,-деді Сәденов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, республика бойынша шамамен 600 бағдаршам өткелдерін,100 мың метрден астам жаяу жүргіншілер қоршаулары, 15 мың км жарықтандыру мен 60 мың км тротуарларды жабдықтау қажет.
Айта кетері, Қазақстанда жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мың адам жарақат алады. Бүгінде республикалық жолдардың тек 3 проценті ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.