Туризмге салынған инвестиция 390 млрд теңгеден асты

Sputnik
АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында туризмге салынған инвестиция екі есеге артып, 390 млрд теңгеден асты, ішкі туризмді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі, ал спорттық инфрақұрылымды жақсарту еліміздегі физикалық белсенділікке қызығушылықтың артуына ықпал етеді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті.
"Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялардың оң серпіні байқалады. Осы кезеңде АҚК көлемі 390,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 2 есе көп. Іске асыру сатысында жалпы сомасы 399,8 млрд теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба тұр", — делінген хабарламада.
Туризмді дамыту
Биыл мемлекеттік қолдау шеңберінде мынадай жобалар мақұлданды:
Туроператорлардың өтінімдері негізінде келу туризмі саласындағы шығындарды субсидиялау.
Kids Go Free (Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе тасымалы кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау) — 1 шілдеге 28,2 млн теңге сомасына 518 балаға 223 өтінім мақұлданды.
Туристік қызмет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде шығынның бір бөлігін өтеу.
Жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша шығынның бір бөлігін өтеу.
Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін биыд қонақ үй саласы үшін жеңілдетілген несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды. Осы тетік бойынша алты өңірде халықаралық франшизасы бар қонақүйлер салу жоспарлануда. Ақтөбе мен Павлодар қалаларында оларды іске асыру басталып кетті.
"2024 жылы Қазақстан India Today нұсқасы бойынша "Үнді саяхатшылары үшін жетекші бағыт" атанды. Алматы The New York Times нұсқасы бойынша ТОП-52 туристік бағыттың қатарына енді, ал "Шымбұлақ" тау курорты Conde Nast Traveller Italia нұсқасы бойынша үздік 5 тау шаңғысы орны тізіліміне енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан Green Destinations Top 100 Story Awards салтанатында тұрақты дамуы үшін берілетін марапатқа ие болды", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Осының аясында іс-шаралар, соның ішінде ресми рәсімдер, туризмді дамыту форумдары мен көрмелер ұйымдастырылды.
Биылғы маусым айында Түркістан қаласында алғашқы әрі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны — Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің мамандары даярланып шықты. 460 түлектің 125-і Қазақстан бойынша саладағы кәсіпорындарда табысты жұмыс істеп жатыр. Білімі бойынша диплом алғанға дейін ерте жұмысқа орналасу тәжірибесі студенттерді оқытудың дуальды форматына көшкеннен кейін мүмкін болды, онда оқу процесінің 50%-ы кәсіпорында өтеді.