Тараз әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты тергеу басталды

Олардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залал сомасы 100 млн теңгеден асқан
Sputnik
АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Жамбыл облысының прокуратурасымен бірлесіп, Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
"Қала әкімшілігінің қызметкерлері мемлекет кірісіне түскен тауарлық-материалдық заттардың есепке алынбауын пайдалана отырып, ресми құжаттарды қолдан жасау жолымен соттардың үкімдері бойынша тәркіленген коммерциялық жылжымайтын мүлік пен халық тұтынатын тауарларды мекеменің балансынан заңсыз шығарып алған", - делінген агенттік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, аталған азаматтардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залал сомасы 100 млн теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шаралар, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімдері қабылданады.