Орташа жылдамдықты асырғандарға айыппұл қашан салынады – министр нақты уақытын айтты

Бүгінде ақылы жолдарда орнатылған камералар орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндік беріп отыр
Sputnik
АСТАНА, 30 шілде - Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев тасжолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұлдар қай кезде енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде ақылы жолдарда орнатылған камералар орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндік беріп отыр.
"Атап айтқанда, "Астана-Бурабай" тасжолында көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 140 км екеніне қарамастан, 180 км-мен жүріп өткен көліктер тіркелген", - деді Қарабаев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде сенат қарауына "Республикалық жолдарда орташа жылдамдықты енгізу туралы" заң жобасы ұсынылды. Оны биыл қазан айында қабылдау жоспарланған. Ал жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 5,4 мың шақырым автожолдарға орташа жылдамдықты анықтайтын камералар қойылады.
"Қазіргі уақытта бас прокуратурамен және ішкі істер министрлігімен бірлесіп, орнатылатын камералардың автоматты түрде айыппұл салу тәсілдері пысықталуда. Заң қабылданғанға дейін интеграцияны толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз", — деп атап өтті министр.
Бақылау камералары автобустар мен жедел жәрдем көліктеріне орнатылуы мүмкін