Алматының троллейбус паркі толығымен жаңартылады – Досаев

Биыл қаладағы экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға дейін артады
Sputnik
АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қала басшысы президентке биылғы бірінші жартыжылдықтағы Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы туралы баяндады.
"Аталған кезеңде Алматыда инвестициялық өркендеудің жоғары қарқыны байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өсіп, 714,8 миллиард теңгеге жетті. Жеке инвестицияның көлемі 21,1 пайызға ұлғайды, оның ішінде IT-секторда, сондай-ақ туризм, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және көлік салаларында өсім бар. Жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. 2024 жылдың басынан бері 32,7 мың жұмыс орны ашылды. Оның 75 пайызы тұрақты жұмыс орны", - деп баяндады Досаев.
Сонымен қатар шаһаржағы қоғамдық көлікті жаңарту мен экологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды.
Досаевтың мәліметіне сәйкес, биыл экологиялық таза қоғамдық көліктің үлесі 70 пайызға дейін артады. Былтыр бұл көрсеткіш 53,7 пайызды құраған. Жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус, 112 троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ қаланың троллейбус паркі толығымен жаңартылады.