АСТАНА, 29 шілде - Sputnik . Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Сәтқалиев еліміздің отын-энергетика кешенінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы дамуы жөнінде есеп берді.
Айтуынша, осы уақыт аралығында 44,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Мұнай өнімдерінің өндірісі 6,78 миллион тоннаны құраған. Сондай-ақ 30,1 миллиард текше метр газ өндіріліп, электр қуатын өндіру көлемі 60,4 миллиард кВт/сағатқа жеткен.
Министрліктің тұтынушыларды электр қуатымен және жылумен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспары жөнінде мәлімет берді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары туралы баяндады.
Кездесу соңында мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырды.