АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Азаматтық авиация комитеті Алакөлге құлаған дельтапланға қатысты ақпартты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Комитеттің мәліметінше, бұл әуе кемесі азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізімінде тіркелмеген, тиісінше оның ұшуға жарамдылығы туралы сертификаты болмаған.
"Ұшқышта авиация персоналының қолданыстағы куәлігі жоқ. Әуе кемесінің құлау себептерін тергеумен құқық қорғау органдары айналысады", - делінген комитет хабарламасында.
Еске сала кетейік, 25 шілдеде Алакөл көлінде (Ақши ауылы, Алакөл ауданы, Жетісу облысы) әуе кемесінің құлауынның салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген болатын.
Ведомство әлеуметтік желілерде әуе кемелерінде, шарларда және басқа да ұшу аппараттарында әуе сапарларын жарнамалау жағдайлары жиілеп кеткенін айтты.
Комитет әуе көлігін таңдау кезінде қауіпсіздікке мән беруді ескертті:
әуе кемесінің иесінің уәкілетті органдар берген барлық қажетті лицензиялары мен сертификаттары бар екеніне көз жеткізіңіз;
әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету қашан жүргізілгенін біліңіз;
ұшқыштың тәжірибесі мен біліктілігі туралы біліңіз. Оның әуе кемесінің белгілі бір түрін басқару үшін жеткілікті тәжірибесі болуы қажет;
әуе кемесінің иесі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, соның ішінде жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандырғанына көз жеткізіңіз;
ұшу алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама мен көрсетілім өткізілуі тиіс. Бұл сізге төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуге көмектеседі;
барлық апаттық-құтқару жабдығы (мысалы, құтқару кеудешелері) жарамды күйде екендігіне көз жеткізіңіз;
ұшу алдында ауа райының ұшу үшін қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Қолайсыз ауа райында ұшудан бас тартыңыз.
Ұшу қауіпсіздігіне күмәніңіз болса, ақпарат алу үшін Азаматтық авиация комитетіне және "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ға хабарласыңыз.