АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Қазақстаннан тікелей АҚШ-қа ұшатын әуе рейсі жаңа ұшақпен орындалады, деп хабарлады Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысы Жаслан Мәдиев бастаған делегация АҚШ-тың Сиэтл қаласында Boeing компаниясының өкілдерімен кездесті. Сол жерде Boeing ұшақтарын құрастыру өндірісімен танысты.
"Кездесуде қазақстандық авиакомпанияларға ұшақтар жеткізу мәселелері талқыланып, Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс үшін алғашқы Dreamliner ұшағын жеткізу 2025 жылдың соңына жоспарланғаны расталды. Бұл оқиға Қазақстанның әуе паркін нығайтуға және елдегі әуе тасымалының деңгейін арттыруға бағытталған", - делінген ресми хабарламада.
Boeing азаматтық, әскери және ғарыштық ұшу аппараттарын шығаратын әлемдегі жетекші компания болып саналады. Оның өндірістері әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан. 2023 жылы Boeing шамамен 80 миллиард доллар табыс тапты. Әлемде әр екі минут сайын Boeing ұшағы көкке көтеріледі.