АЛМАТЫ, 25 шілде - Sputnik. Атыраудағы "Теңізшевройл" компаниясының бұрыңғы жұмысшысы, көпбалалы әке әділдік іздеп жүр. Ол өзінің жұмыстан әділетсіз шығарылғанын айтып, Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.
"Теңізшевроил" компаниясында 13 жылға жуық жұмыс істеп, бір де бір тәртіптік жауапқа тартылып, түсініктеме жазып көрмеген едім" деп мұңын шаққан Әсет Әженов өзінің жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, бір жылдан бері әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Оған жұмыс орнынан 7 сағатқа кетіп қалғаны себеп болған.
"Менің 6 балам бар, біреуі туа біткен мүгедек. Былтыр 27 мамырда сағат 16:30 шамасында жұмыста отыр еді. Әйелім хабарласып сол мүгедек баламның өлім мен өмір арасында жатқанын айтты. Мен жанымдағы әріптестеріме ескертіп, асығып шығып кеттім. Теңізден такси жалдап, 100 шақырым жерге Құлсарыға балама жеттім. Баламды дереу Ақтөбеге апаруым керек болды, өйткені Құлсарыдағы аудандық ауруханада балалар нефролог дәрігері жоқ. Сөздің қысқасы мен жұмыс орнымда жеті жарым сағат болған жоқпын. Келесі күні 28 мамырда кешке жұмысыма келіп, таңғы сағат алтыда жұмысыма қосылдым", - дейді көпбалалы әке.
Әженов басшылық тарапынан 1 маусымға дейін ләм деп еш сөз естімегенін айтады.
"Былтыр 9 маусымда жұмыстан шығару үшін менімен жасалған келісім-шартты бұзу туралы шешім қабылданды. Маған жұмыстан шық деді, мен шықпайтынымды айттым. 13 жыл адал еңбек еткен жерден мен неге кетуім керек? Оған қарамастан мені жұмыстан шығарды. Мен адвокат тауып, Атырау қалалық сотына шағымдандым, 2-3 ай қарап, сот Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясына сұраныс хат жіберді. Еңбек инспекциясы жұмыста жоқ болған уақыты орынды деп шешім шығарып берді. Баламмен ауруханада болғанымның бәрі дәлелденді, анықтамасы да бар. Бірақ қалалық сот үкімді компанияның пайдасына шешті", - дейді көпбалалы әке.
Әсет Әженов Атырау облыстық сотына шағымданған. Бірақ ол жерде де жеңіліп қалған.
"Жоғарғы сот төрағасының қаблдауын өтініп, хат жолдаған ем. Ол жақ қараусыз қалдырды. 9 шілдеде азаматтық коллегияға жібермей, "бас тартылсын" деп шешім шығарған. Бұл туралы бір аптадан кейін біліп отырмын. Соттың шешімімен келіспеймін. Президент әкімшілігіне де, Атырау облысынан сайланған парламент депутаттарына да шықтым, бала құқын қорғау органдарына да шағым түсірдім. Ешкім құлақ аспайды. Әйелім жұмыссыз, алты баланы бағуым керек. Бір жылда жұмыс іздеп қақпаған есігім қалмады, еш жерге қабылдамады", - дейді салы суға кеткен әке.
Теңізшевройл экс-жұмысшысына "жақсы жұмысшы" деген мінездеме де берген. Sputnik Қазақстан тілшісінің сұрауына компания барлық жұмысшысына барынша жағдай жасайтындарын айтады.
"Теңізшевройл компаниясы өз қызметкерлеріне әлеуметтік пакет ұсынып, екі жыл қатарынан Қазақстанның ең үздік жұмыс берушісі ретінде танылған. Компания өз қызметкерлерін міндетті сақтандырумен қамтамасыз етіп, жыл сайынғы фитнес орталықтарға баруына қаржы бөледі. Тіпті қызметкерлерге пайызсыз тұрғын үй несиесі беріліп, балалардың жазғы демалысы мен балабақшасы қаржыландырылады", - дейді компания.
Ал Әсет Әженов туралы сұраққа компания мардымды жауап та бермеді.
"Өз саясатына сәйкес, "Теңізшевройл"сот шешіміне де, кадрлық сұрақтарға қатысты ішкі мәселелерге де пікір білдірмейді", - дейді компания.