АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Талдықорғанда салынатын онкологиялық орталықтың жобасы жасалды, деп хабарлайды Жетісу облысының әкімдігі.
Талдықорған қаласында салынатын онкологиялық диспансердің жобасы дайын. Құны 10 млрд теңге болатын үлкен әлеуметтік жобаны "Kazakhmys Holding" компаниясы іске асырады.
Осы жылдың маусым айында облыс әкімдігі, денсаулық сақтау министрлігі, "Kazakhmys Holding" инвестор-компаниясы Талдықорғанда онкологиялық орталық салу туралы үш жақты меморандумға қол қойған. Инвестор өз қаржысына орталық ғимаратын тұрғызады, денсаулық сақтау министрлігі заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етеді, ал әкімдік өз тарапынан инженерлік коммуникациялық желілерін жүргізеді және ішінара құрал-жабдықтар алуға қолдау көрсетеді деп жоспарланып отыр.
"Бұл жаңа орталықта пациенттерді емдеу және диагностикалаудың жаңа тәсілдері қолданылады. Емдеу барысында сызықтық үдеткіш, химиотерапияны емдеу әдістерін пайдаланатын интервенциялық хирургия қолданылады. Бұдан басқа, скрининг орталығы ашылады, бұл халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге өзінің оң әсерін тигізеді", - дейді Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров.
Сондай-ақ жаңа онкологиялық орталықта гематология, оңалту, клиника фармакология бөлімшелері ашылып, радиология, химиотерапия, маммогинекология бөлімшелері жұмыс істейді.