Ферроқорытпа зауытындағы апат: комиссия атқарылған жұмыс туралы есеп берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апатты оқиға бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы комиссия есеп берді, деп хабарлайды Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз қызметі.
Еңбек заңнамасы шеңберінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын тергеу үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілді.

"Бүгінгі күні комиссия жазатайым оқиға болған жерге тексеру жүргізді. Оқиға болған жерді суретке түсіріп, тергеу шеңберінде техникалық құжаттаманы зерделеy, тергеу шеңберінде алынған құжаттардың көшірмелерін беру үшін Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданының полиция бөліміне сұрау жолданды, куәгерлер мен жауапты тұлғаларға сауалнама жүргізілуде", - деп жазды ведомстводағылар.

20 шілдеде Қарағандыдағы "YDD Corporation" ЖШС ферроқорытпа зауытында топтық жазатайым оқиға болып, 8 адам зардап шекті. Күйіп қалған жұмысшыларды емдеуге Ресейден арнайы дәрігерлер алынды.
Алайда, оқиғадан үш күн өткен соң денесін 85% күйік шалған науқастың бірі қайтыс болды. Араға бір күн салып, тағы бір жұмысшы көз жұмды.
Жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі науқас жалпы палатаға ауыстырылды.