Алматы әкімдігі 20 мектеп үшін 1,9 млрд теңгеге ас үй жабдықтарын сатып алмақ болған

1,9 млрд теңге көлеміндегі қаражат бюджетке қайтарылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Алматыда қала әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мектеп асханалары үшін жоғары бағамен жасалған мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мектеп асханаларына арналған жабдықтарды сатып алу туралы сұраққа жауап бере отырып, Алматы әкімі Ерболат Досаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен қала әкімдігінің жұмысы аясында бюджет қаражатын ұтымсыз жұмсауға жол берілмегенін хабарлады.
"Бұл тергеу нәтижесінде емес, превенция аясында әкімдік пен Антикордың бірлескен жұмысының арқасында анықталды. Тексеруден кейін 20 мектептің жабдықтарын сатып алу тоқтатылды", - деді әкім әрі республика бойынша осындай тексерулер жүргізілгенін атап өтті.
1,9 млрд теңге көлеміндегі қаражат бюджетке қайтарылды. Өткен жылға талдау жүргізілуде, бірақ асыра сілтеу фактілері жоқ.
Сонымен қатар, әкім атап өткендей, бүгінде мемлекеттік сатып алу саласында ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар объектілердің сапасына сәйкессіздік мәселесі өзекті болып қала береді.
Әкімнің айтуынша, қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесі жосықсыз жеткізушілерге тендерге қатысу үшін мүмкіндік береді.
"Олар қомақты қаражатты алып, өте арзан қызмет ұсынып жатады. "Бағасына қарай сапасы" қағидасы әрдайым жұмыс істемейді, яғни арзан дүние әрдайым сапалы бола бермейді. Мен бұған қарсымын. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енеді, ол бойынша біз жеткізушілер мен олардың тауарлары талаптарға сай болады деп күтеміз. Сондай - ақ, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі артады", - деді әкім.