Зейнетақы жинағынан тіс емдету қызметі 6 айға тоқтатылды: министрлік себебін айтты

Sputnik
АЛМАТЫ, 24 шілде - Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинақтарының есебінен стамотологиялық қызмет көрсетуді 6 айға тоқтата тұру туралы бұйрықтың жобасының неліктен әзірленгенін түсіндірді.
Протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында уақытша тоқтата тұру жоспарланып отыр.
"Біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор "Отбасы банк" АҚ ақпараты бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде нысаналы емес шығару жағдайлары тіркелген. Банктің мәліметінше, қызметтік тексерулердің барысында жалған құжаттарды пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталған", - дейді министрлік.
Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі "Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № 18 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрық жобасын әзірледі.
"Осы бұйрық негізінде протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды – 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін алты ай мерзімге уақытша тоқтата тұру көзделеді. Осы уақыттың ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті", - дейді министрлік.
Бұйрықтың жобасы 2024 жылғы 24 шілдеде талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылды.
Зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне тағы бір өзгеріс енгізілді